Қазақстан • 22 Тамыз, 2017

Еліміздегі  «Тұтынушылардың Ұлттық Одағына» 25 жыл толды

545 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жұмысын бастаған дербес ұйым осы уақыт аралығында тұтынушылардың талап-арыздары бойынша сотта 2448 істе жеңіске жетіп, 600 миллион теңгеден астам моральдық және материалдық залалдың өндірілуіне сеп болған.

Еліміздегі  «Тұтынушылардың Ұлттық Одағына» 25 жыл толды

Күнделікті өмірде тұтынатын тауарларымыз бен бізге көрсетілетін түрлі қызметтердің сапасына көңіліміз толмай жататын тұстар жиі кездеседі. Көп жағдайда екі жақты келісілген келісімшарттар аяқ асты болып, өз құқымызды тиісті деңгейде білмегендіктен күрмеуі көп күрделі мәселелерге тап болып жататынымыз да жасырын емес. Тұтынушылар Одағының негізгі міндеті азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, оларды заң шеңберінде қорғау. Мәселен, қандай да бір тауар сатып алып оның сапасына көңіліңіз толмаса, яки, сізге көрсетілген қызметтің сапасына қатысты наразылығыңыз болса, Тұтынушылар Одағына тіркеліп, өз талап-тілектеріңізді жеткізе аласыз. Яғни, «Тұтынушылардың Ұлттық Одағы» АҚҰ қызметінің негізгі бағыттарының бірі азаматтарды тауардың қасиеттері мен сапасы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер жайында толыққанды ақпараттандыру. Ұйым мамандарының айтуынша еліміздегі сауда-саттыққа қатысты қызмет сапасына қойылатын талаптарды әр азамат бүге-шүгесіне дейін білуге тиіс. Мәселен, Еуропа елдерінде бұл қатаң сақталады. Өйткен жағдайда тауар мен қызмет сапасының бәсекеге қабілеттілігі арта түспек. Тұтынушылардың құқығын қорғау сұрақтары бойынша ел Үкіметінің бірінші мәжілісі 2017 жылдың 4 шілдесінде өткен болатын. Ол жерде Тұтынушылардың Ұлттық Одағына ең жиі қойылатын сұрақтар көтерілген еді.

– Үкімет  мәжілісінің нәтижесі бойынша ТҰО-ға хат жолданған болатын, ол хатта көтерілген негізгі мәселелер мыналар: тексеріс нәтижесінде 39,8% балалар ойыншықтары қауіпсіздік стандарттарына сәйкес емес, ұялы байланыстың сапасы және құралдардың негізсіз есептен шығарылуы, оқу парталарының қауіпсіздікке байланысты сұрақтары, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы қоғамдық кеңес құру мәселелері айтылған. Өкінішке қарай, бұл сұрақтардың ешбіріне мардымды нәтиже шықпай отыр. Өз отбасының денсаулығына немқұрайлы қарамайтын әр азамат өзінің не тұтынып жүргенін, жеп жүрген тағамының құрамын, сапасын, зияны мен пайдасын  білуге міндетті. Біз тұтынушылардың талғамы тұрғысынан, тауардың физика-химиялық көрсеткіштерін, сонымен қатар ірі супермаркеттермен ұсынылатын сату жетекшілері жайлы ақпаратты зерттейміз, дәм тату және тұтынушы сауалнамаларын жүргіземіз. Тұтынушылардың құқығын бұзатын өкілдердің жауапкершілігін арттыру, арыздың бағасы көлемінде дауды шешу, бас тартқанына ерікті түрде алдын ала айыппұл қарастыру, тұтынушының денсаулығы мен өміріне зиян келтіргені үшін арыздың бағасының 5 есе көлеміндегі айыппұл салу сияқты мәселелерді көтеріп отырмыз. Себебі, азаматтардың сапалы өмірі – қоғамды алға жетелейді – дейді «Тұтынушылардың Ұлттық Одағы» АҚҰ Президенті Светлана Романовская.

Заңгерлер мен ұйым өкілдері  күнделікті өмірде әр адам Тұтынушылардың құқығын қорғау саласында Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық базасындағы жаңалықтардан ұдайы хабардар болып отыруы керектігін айтады. Сонда ғана тұтыну нарығындағы сапалы және қауіпсіз тауарларды, қызметтерді пайдалануға мол мүмкіндік ашылады. Осылайша, әр қоғам мүшесі тұтынушылар, кәсіпкерлер мен мемлекет арасында өркениетті қарым-қатынастың құрылуына септігін тигізер еді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ